Әкімдер есебі

Ауыл шаруашылығы саласына 1,7 миллиард теңге инвестиция тартылды

Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов аудан тұрғындарының алдында есеп берді.

Аудан әкімі алдымен өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Былтырғы жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Әлемде эпидемиологиялық ахуал күрделеніп, экономикаға кері әсерін тигізді. Осындай қиын кезеңді өткеру үшін Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін жариялап, Үкімет тиісті шаралар қабылдады. Тұрғындарға әлеуметтік төлем, бір жолғы жәрдемақылар төленіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылды. «Ауылы бірдің — ауызы бір» дегендей, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» аудан халқының ауызбіршілігі мен тынымсыз еңбегінің арқасында, бір-бірімізге демеу беріп, елімізді жайлаған індетке қарсы тұра білдік.

Осы жағдайда Үкімет «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын әзірледі. Басты міндет —  тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру және экономиканы жақсарту. 2020 жылы аудан экономикасының сапалы және қарқынды дамуын күшейтуге мүмкіндік берген нақты қадамдар жасалып, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарымыз жоспар бойынша орындалды, — деді аудан әкімі.

Мәселен, былтыр ауданда өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 100,3%-ды құраған. Өндірілген өнім көлемінің құны —  9,2 миллиард теңге. Негізгі капиталға 8,9 миллиард теңге инвестиция салынған. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі —  35,1 миллиард теңге. 3,8 миллиард теңгеге құрылыс жұмыстары жүрген.

Аудандағы ауыл шаруашлығы саласының экономикадағы үлесі — 49%.

Былтыр  егіс алаңы 219,0 мың гектар болған.  Бұл 2019 жылмен салыстырғанда  1,3 мың гектарға артық. Жиналған өнім көлемі —  185,3 мың тонна.

Сондай-ақ 2019 жылы ауыл шаруашылығы саласына 1,0 миллиард теңге инвестиция тартылған болса, былтыр 1,7 миллиард қаржы құйылған.

Аудан әкімі былтыр мал санының өскенін де айтты. Ірі қара саны 52 мың болса, жылқы — 15,7 мың, түйе — 38, құс 58 мыңға жеткен. Ал қой мен ешкінің саны 93 мыңнан асады. Ет пен сүт өнімінің көлемі артқан.

— Экономиканың негізгі басым бағыты —  шағын және орта кәсіпкерлік. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны — 1196. Оның 1175-і тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Былтыр  «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 7 жоба жүзеге асты. Бұл 171,0 миллион теңгені құрады.  «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша құны 521,1 миллион теңге болатын 9 жоба орындалды, —  деді Дархан Ермағанбетов.

Есеп беру жиынында аудан әкімі осы және өзге де жұмыстарды баяндады. Сондай-ақ биыл жүзеге асатын шаруаларды айтты. Тұрғындар сауалына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button